На данной странице собраны казахские народные стихи, которые познакомят малышей и школьников с удивительными стихами на казахском языке.
 

Казахские народные стихи

Жазғытұры 
 
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, 
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
 
Жаздың көркі енеді жыл құсымен, 
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал, 
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.
 
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, 
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап, 
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.
Түйе боздап, қой қоздап – қора да шу, 
Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су.
 
Көл жағалай мамырлап қу менен қаз, 
Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз.
Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,
Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауылпаз.
Құс қатарлап байлаған қанжығаға
Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.
 
Жазға жақсы киінер қыз-келіншек,
Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек.
Қырда торғай сайраса, сайда - бұлбұл, 
Тастағы үнін қосар байғыз, көкек.
 
Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер, 
Диханшылар жер жыртып, егін егер. 
Шаруаның бір малы екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп, дәулет өнер.
 
Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер, 
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер. 
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.
 
Жаз жіберіп, жан берген қара жерге 
Рахметіне алланың көңіл сенер.
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер, 
Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.
 
Қара тастан басқаның бәрі жадырап,
Бір сараңнан басқаның пейілі енер. 
Тамашалап қарасаң тәңірі ісіне,
Бойың балқып, ериді іште жігер.
Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,
Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай,
Таң атқан соң шығарын күннің біліп,
Өңі қашып, бола алмас бұрынғыдай.
 
Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынышты,
Құмары екеуінің сондай күшті.
Түн қырындап жүргенде көп қожаңдап,
Күйеу келді, ай, жұлдыз к... қысты.
 
Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,
Жан-жануар қуанар тойға елеріп.
Азалы ақ көрпесін сілке тастап,
Жер күлімдер, өзіне шырай беріп.
 
Күн – күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне біреуі қосылыспай,
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң
Жер толықсып, түрленер тоты құстай.
 
Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,
Сүйіп, жылып тұрады жан лебізін.
Қызыл арай сары алтын шатырына,
Күннің кешке кіргенін көрді көзім.
 
***
 
Масғұт
 
Я, алла, құрметіңе достың Махмұт1, 
Тілге яр бер, берілсін туғры мақсұт. 
Арун-Рашид халифа заманында 
Бағдатта бір жігіт бар аты, Масғұт.
Шаһардан бір күн Масғұт шықты тысқа, 
Барды да кезі келіп бір жұмысқа? 
Бір ұры бассап тонап жатқан жерде 
Кез болды бір бишара шал байғұсқа.
Шал байғұс айғайлады аттан салып, 
Айырып алған жан жоқ оны барып. 
Кім де болса бір ерлік қылайын деп, 
Масғұт ұшты ұрыға оңдайланып.
Масғұтты ұры шапты қылышпенен, 
Тәуір-ақ жан сақтапты жұмыспенен. 
Есен-аман шал-дағы құтылыпты, 
Масғұттан жау қашқан соң ұрыспенен.
Масғұтқа келді әлгі шал көзін тіктеп, 
Көрсе, бастан ағып тұр қан дірдектеп. 
Мұның қарызын мен де өтеп кетейінші, 
Жігіт қой ер көкірек, жау жүрек деп:
– Ей, жігіт, не қылсаң да, ер екенсің, 
Көргейсің ерлігіңнің берекесін. 
Себеп боп мені ажалдан сен айырдың, 
Маған қылған қарызыңды алла өтесін!
Бай емен, батыр емен, хан емеспін, 
Атақты артық туған жан емеспін. 
Себеп болып айырдың мені ажалдан,
Жақсылықты білмейтін шал емеспін. 
Мен – бір шал дүниеде жиһан кезген, 
Ертең түсте кетемін шаһарыңыздан. 
Ертерек пәлен жерден тосып тұрып, 
Алып қал бір базарлық, жаным, бізден. 
Пұл үшін қызықпассың, сен де – бір ер, 
Сені маған кез қылған пәруардигер. 
Бір құданың хақы үшін мен тілеймін, 
Қабыл көр, сертім үшін қолыңды бер!
– Ұрыға жібермедім мен намысты, 
Кім бұлдар мұндай-мұндай қылған істі. 
Алла хақы деген соң амал да жоқ, 
Барайын деп уәде етіп қол қағысты.
Ол жерге ерте тұрып жігіт барды, 
Шал да душар алдынан бола қалды. 
Қолынан ұстап алып, ертіп барып, 
Далада бір бұзылған тамға апарды.
Барса тамға бір гүл тұр солқылдаған, 
Басында үш жеміс бар былқылдаған:
Бірі – ақ, бірі – қызыл, бірі –сары,
–Таңдап ал мен берейін бірін саған.
Ағын жесең, ақылың жаннан асар, 
Сарыны алсаң, дәулетің судай тасар, 
Егер де қызыл жеміс алып жесең, 
Ұрғашыда жан болмас сенен қашар. 
Ол жігіт шал сөзіне құлақ салды, 
Көзін төмен жіберіп, аз ойланды. 
Ақ пен сары екеуін алмаймын деп. 
Қызыл жеміс жеймін деп қолқа салды. 
– Мен беремін, танбаймын айта тұра, 
Өкінбесең түбінде жүре-бара, 
Ақ пен сары екеуін алмағаның 
Мәнісін айтсаң екен, жаным, сірә.
– Мен болсам, егер, ағын жемек дедім, 
Ақылды болдым елден бөлек дедім.
Мен ақылды билемен не қылсам да, 
Ақыл мені билесе керек дедім.
Ақылды жан табылмас маған сырлас, 
Көріне тентек көп надан мойын бұрмас. 
Әділетсіз, ақылсыз, арсыздарды 
Көре тұра, көңілде тыныштық тұрмас.
Адам дертті болмай ма құса тартып, 
Тұщы ұйқы ұйықтай алмай түнде жатып. 
Ептеп бағып, есерге ем таба алмай, 
Тәтті тамақ жей алман дәмін татып.
Сарыны жеп, мен болсам байдың өзі, 
Аузында тамам жанның болдым сөзі. 
Пәленшеден бір нәрсе алсақ-ау деп, 
Тігілер жан біткеннің маған көзі.
Жұрт күндер жұрттан артық байлық үшін, 
Бұлдайды біреу күшін, біреу түсін. 
Не қылса да, надандар алмақты ойлар, 
Мал антұрған күйдіріп елдің ішін.
Еңбексіз мал дәметпек – қайыршылық, 
Ақылды елге, ар болар ондай қылық. 
Оны ойларлық бұл күнде адам бар ма? 
Пайда ойламай қылады кім татулық?
Берсең қалар оларда несі ардың? 
Бермесең, сен-дағы ит бірге болдың, 
Не өзің ит, немесе бар елің ит, 
Дауасыз бір пәлеге міне қалдың. 
Қызылды жесем, мені әйел сүйер, 
Арамдыққа жүрмесем, не жан күйер?
Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса, 
Деп едім бір пайдасы маған тиер.
Еркектің еркек адам болса қасы, 
Қатын, шеше, қызы жоқ кімнің басы? 
Хан қаһар, қара кісі қастық қылса, 
Сонда ұрғашы болмай ма арашашы? 
Тегінде адам басы сау бола ма? 
Бойында тексерілмес дау бола ма? 
Ері ашу айтса, әйелі басу айтып 
Отырса, бұрынғыдай жау бола ма?
Соны ойлап, қызыл жеміс мен таңдадым, 
Берсеңіз жемек болып бел байладым. 
Топа-торсақ бұл сөзді айтқаным жоқ 
Басында-ақ ойлап тегін абайладым. 
Бұл сөзге салып тұрды шал құлағын. 
– Ендеше тауып айттың, же, шырағым. 
Ақыл, дәулет әуелден өзіңде екен, 
Өміріңмен артылсын, жаным бағың! 
Бұл шал бөтен шал емес, Қыдыр1 еді, 
Ебін тауып даруға кезі келді. 
Сөзіне, ақылына, қылығына 
Разы болғаннан соң, бата берді. 
Сол Масғұт Қыдыр шалдан бата алыпты, 
Соңында Шәмсі-жиһан атаныпты. 
Мағнасы: «бұл дүниенің күні» деген, 
Жетіліп бізге ғибрат көз қалыпты. 
Сол заманда-ақ надандар шырыш2 бұзған, 
Жалғанның дәмін бұзып қауіп қылғызған.
Ақыл мен мал екеуін асырай алмай, 
Арашашы іздепті қатын, қыздан.
 
Ендігіге не сұрау бұл жалғанда? 
Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда. 
Өлген мола, туған жер жібермейді, 
Әйтпесе тұрмас едім осы маңда.
 
Сол Масғұт халифаға уәзір бопты,
Тарқатыпты алдынан көп пен топты. 
Бағанағы Қыдыр шал бір уақытта 
Түсінде аян беріп жолығыпты. 
 
– Ей, балам, пәлен күні жауын жауар, 
Сол жауынның суында кесапат бар:
Жеті күн жынды болар суын ішкен,
Жеті күн өткеннен соң және оңалар. 
 
Ол судан тамам суға су құйылар,
Сел болып, судың бәрі кесел болар.
Ертерек таза судан су жиып ал,
Бұл – хабарым, сақтансаң, жаным, жарар.
 
Бұл сөзбен халифаға Масғұт барды, 
Хабарын естіген соң хан да аңғарды. 
Айтқан кезі жақындап келген шақта, 
Ертерек таза судан құйып алды.
 
Болған соң уәделі күн, жауын жауды, 
Судан ішкен жынды боп, ақылы ауды. 
Күні-түні шуласып, таласады, 
Ұмытты тамақ жеу мен және ұйықтауды. 
Бұлар шулап бір күні келді ордаға, 
Хан мен уәзір қарайды тамашаға. 
Бәрі де есі шығып, жынды болған,
Бос шулап жүр кіші іні, үлкен аға. 
Ол халқының алдына жақын барды, 
Сөз айтып әрбір түрлі, ақыл салды:
Бір кеселге байғұстар, жолығыпсың,
–Үйіңе бар, ұйықтаңдар! – деп шығарды. 
Олар шықты есіктен ханға өкпелеп,
Көшеден шулап және жылаған көп:
«Хан мен уәзір ақылдан айрылыпты, 
Өлтірейік екеуін, жынды екен», – деп. 
Өлтіргелі ордаға қайта жүрді, 
Бұлардың сөзін естіп хан да көрді: 
Бұрынғыдан мұнысы қиын болды: 
– Ойбай, уәзір, ақыл тап, қайттік? – деді. 
– Құтылар хал болмады мына дудан, 
– Біз де ішпесек болмайды жынды судан. 
– Өлтірер өңкей жынды бізді келіп, 
– Жынды деп есі дұрыс бізді қуған.  
Екеуі жынды судан ішіп салды, 
Құтырып кеп алдына жетіп барды. 
Өңкей жынды байқамай айтыппыз деп, 
Құлдық, ұрып, бұларға кеп жалбарды. 
Сонымен бет-бетімен тарқап кетті, 
Әйтеуір, тарқайтұғын уақыт жетті. 
Көрдің бе, көп тентектің қылған ісін? 
Еріксіз есті екеуін есер етті. 
Көптің бәрі осындай, мисал етсең, 
Көп айтты деп алданып, уағда күтсең. 
Ғапіл боп көп нәрседен бос қаласың, 
Аңдамай көп сөзімен жүріп кетсең.
 
***
 
Ескендір
 
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен? 
Македония Шаһары оған мекен. 
Филипп патша баласы, ер көңілді, 
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.
 
Филипп өлді. Ескендір патша болды,
Жасы әрең жиырма бірге толды. 
Өз жұрты аз көрініп, көршілерге 
Көз алартып қарады оңды-солды.
 
Сұмдықпен әскер жиып қаруланды, 
Жақын жерге жау алып тура аттанды.
Көп елді күтінбеген қырды, жойды, 
Ханды өлтіріп, қаласын тартып алды.
 
Жазасыз жақын елдің бәрін шапты, 
Дарияның суындай қандар ақты. 
Шапқан жердің бәрін де бодан қылып, 
Өкіметпен қолына тартып апты.
 
Ескендір елде алмаған хан қоймады, 
Алған сайын көңілі бір тоймады. 
Араны барған сайын қатты ашылып, 
Жердің жүзін алуға ой ойлады.
 
Қанішер қаһарлы хан ашуы кеп, 
Атағынан қорқады жұрт қайғы жеп. 
Сол күнде қошаметші айтады екен:
Ханның ханы, патшаның патшасы деп.
 
Атағы талай жерге оның жетті, 
Жердің жүзін алуға талап етті. 
Есепсіз әскер ертіп, жарақтанып, 
Есіткен елдеріне жүріп кетті.
 
Алдынан шыға алмады ешкім мұның, 
Бәрін де алды, қорқытты жолдағының. 
Жан шықпады алдынан, тоқтауы жоқ, 
Жер жүзін жеке билеп алмақшының. 
 
Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті, 
Алып жүрген суының бәрін ішті. 
Адам, хайуан бәрі де бірдей шөлдеп, 
Басына құдай салды қиын істі. 
 
Сандалды сар далада су таба алмай, 
Шөлдеген жұрт қайтеді бос қамалмай? 
Қызметкердің бәрін де өлтірмекші 
Болыпты, шөлдегенге шыдай алмай.
 
Мысалы астындағы ат о дағы ұшты, 
Ескендір де атының жалын құшты. 
Жалтырап сәуле берген бір нәрсеге 
Патшаның ат үстінде көзі түсті. 
Барса, бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ, 
Таспадай бейне арықтан шыққан құлап.
Түсе сала Ескендір басты қойды, 
Ішсе, суы өзгеше, тәтті тым-ақ. 
 
Кепкен балық келтіртті сонда тұрып, 
Сол суға балықты алды бір жудырып. 
Исі, дәмі өзгеше болып кетті, 
Таң қалды мұның бәрін суға жорып.
 
Ескендір қолына айтты: "Бұл неткен су? 
Бәрің де ішіп, бұл суға бетіңді жу! 
Бір бай елден осы су шыққан шығар, 
Өрлеп барып, үстіне тігелік ту.
 
Бұл салқын, тәтті суға қаныңыздар, 
Шақ келер маған жан жоқ наныңыздар. 
Менен қалмай, бұл суды шапшаң өрлеп, 
Талқан қылып шаһарын алыңыздар!”
 
Жарлық шашты, қол жүрді суды өрлей, 
Шаһарына жеткенше дамыл көрмей. 
Көкпеңбек темір киген өңкей батыр 
Тарттырып жөнеледі сырнай-керней.
 
Сол әскер суды өрлеп талай жүрді, 
Судың басы бір құзар шатқа кірді.
Шаттың аузын бекіткен алтын қорған, 
Қақпасы бекітулі, көзі көрді.
 
Қақпаны ашайын деп хан ұмтылды, 
Тұтқасын олай-бұлай қатты жұлды. 
Аша алмады қақпаны, үміт үзді, 
Ақылдасып тәуір-ақ амал қылды. 
 
Ескендір тоқтау көрмей өскен жан ғой, 
Келмей ме тоқтаусыздың бәрі даңғой? 
Дел-сал болып бәрі де қайта шықты, 
Алысып әл келмесін байқаған ғой. 
 
Долдықпен хан Ескендір ашуланды, 
Ашуланып қақпаға жетіп барды. 
Қақпаны дүбірлетіп қағып-қағып:
– Қақпаңды аш! деп барынша айғай салды.
 
Қақпаның ар жағынан біреу келді, 
Күзетшісі сол екен, дыбыс берді 
– Қақпаны саған ашар рұқсат жоқ, 
Бұл – құдайға бастайтын қақпа, – деді.
 
– Білмесең, мен Ескендір патша деген, 
Жер жүзінің соғыста бәрін жеңген. 
Қақпаңды аш, хабарыңды айт, білдір маған, 
Қорлығым өзім туып көз көрмеген.
 
– Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең, 
Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең! 
Іші тар көре алмастың біреуі сен, 
Ондай кісі бұл жерге келмейді тең.
 
– Талпынған талаппенен мен де бір ер, 
Көп жүрдім, кездей келді көрмеген жер. 
Ең болмаса, халқыма көрсетейін, 
Сый қылып, белгі болар бір нәрсе бер.
 
Қақпадан лақтырды бір орамал,
Сыйым – осы, есерім, мынаны ал! 
Ішінде бір нәрсе бар ақыл берер, 
Апар-дағы, ойланып, көзіңді сал!
 
Орамалды қуанып қолына алды,
Сый алдым деп халқына қайта барды.
Қараса ішіндегі бір қу сүйек,
Бұл не еткен мазағы деп аң-таң қалды.
Ашуланып сыйына болды кекті,
– Ең болмаса білмеді сый бермекті:
Осы менің теңім бе?–деп ақырып, 
Лақтырып жіберді сол сүйекті. 
 
Жолдасы Аристотель ақылы мол, 
Лақтырған сүйекті алады сол. 
Ханға айтты: «қасиет бар бұл сүйекте, 
Көзіңе көрсетейін, хабардар бол». 
 
Сол күнде Аристотель – жеке дара, 
Ақыл сөзін тыңдамай бар ма шара: 
– Таразыны әкел де, сүйекті сал, 
Бір жағына алтын сап, өлшеп қара! 
 
Бұл сөзге Ескендір де қарай қалды, 
Таразыны құрдырып, ортаға алды. 
Қанша алтынды күміс пен салса-дағы, 
Бір кішкентай сүйекті аудармады.
 
Мұны көріп, Ескендір аң-таң қалды, 
Бар қаруын алтынға қоса салды. 
Енді қайтер екен деп қарап еді, 
Бұрынғыдан қу сүйек ауырланды.
 
Аристотель хакімге патша келді 
– Мына сүйек қазынаның бәрін жеңді. 
Бұл сүйекті басарлық нәрсе бар ма? 
Ақылыңмен ойланып тапшы! – деді.
 
Хакім жерден топырақ алып барды,
Бір уыстап сүйекке шаша салды. 
Ана басы сылқ етіп жерге түсіп, 
Сүйек басы жоғары шығып қалды.
 
Ескендір мұны көріп аз тұрады,
Хакімді аулақ жерге шақырады. 
– Таң қаларлық іс болды мұның өзі, 
Мәнісін айтып берші, – деп сұрады.
 
– Бұл адам көз сүйегі, – деді ханға, –
Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да, 
Өлсе тояр көзіне құм құйылғанда.
 
Кәпір көздің дүниеде араны үлкен, 
Алған сайын дүниеге тоя ма екен? 
Қанша тірі жүрсе де, өлген күні 
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен.
 
Ашуланба, ей, патшам, айтайын дат:
Алтын қақпа бермеді сізге рұқсат. 
Сый сұрадың, бергені – бір қу сүйек, 
Мұны көріп, алыңыз сіз де ғибрат!
 
Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті, 
Құдайым көрсетті деп бұл бір істі. 
Бекерлік екен менің бұл ісім деп, 
Қолын алып жұртына қайта көшті. 
 
Аз-ақ сөз айттым, бітті бұл әңгіме, 
Мұны бір өзге сөздің бірі деме. 
Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін, 
Тоймас көзің толар деп қайғы жеме.
 
Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер, 
Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер! 
Ұятың мен арыңды малға сатып, 
Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер.
Мақтанасың біреуге мақтасын деп, 
Шаужайымнан еш адам қақпасын деп, 
Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар, 
Антұрғаннан құдайым сақтасын деп.
Ақылсыз өзін мақтап былжырайды, 
Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрайды? 
Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді, 
Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!
Понравилось? Расскажи об этой странице друзьям!

Сайт развития ребенка Умные дети

На сайте развития ребенка вы найдете полезную информацию о обучение детей, о развивающих игр для детей, о раннем развитии ребенка, интересные статьи, а также полезные материалы для обучения. Все это на портале развития ребенка Умные дети.

Казахские народные стихи